Біз екі ай бойы «Бастау Бизнес» жобасына қатысқан аудандардың тұрғындарының бизнес-бастамалары туралы айтып келген болатынбыз. Бүгін облысымыздағы осы жобаны жүзеге асырушы БҚО «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сонымен қатар, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауылдық елді-мекен тұрғындарын микрокредиттеуді жүзеге асырған қаржылық ұйымдардың қызметін жинақтап, жалпылама қорытындылаймыз.
БҚО «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау бойынша сарапшысы Мұстафа Құрманғалиевпен болған сұхбатта осыған дейін аудан бизнес-тренерлеріне қойылған сұрақтарды қойдық.
Атап айтқанда: Сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейінгі аралықта облысымыздың қанша тұрғыны кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтті? Қазіргі оқып жатырғандары және «Бастау Бизнес» жобасының әрекет ету кезеңі аяқталғанша әлі де оқытылатындар саны? «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларымен қанша шаруашылық етуші субъект ашылды, соның ішінде жүзеге асқан бизнес-бастамалар және қаржыландырылған сомасы, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің өз қаражатымен жүзеге асырылған бизнес – бастамалар саны нешеу? Кәсіптерін кеңейту мақсатында жеңілдетілген несиені алған жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың саны нешеге жетті?
Сонымен, сұхбатқа жауап берушінің сөзінше, 2018 жылдың 16 сәуірінен 3 тамызы аралығында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша облысымызда 1105 адам оқытудан өтті, қазіргі уақытта оқудың 4-ші ағыны аясында кәсіпкерлік қызметтің қыр-сырын 370 адам игеруде. Жыл аяғына дейін оқудың 5-ші және 6-шы ағынында тағы да 673 адам оқытудан өтеді деп жоспарлануда.
Жоғарыда айтылған кезеңде, облыс бойынша 437 шаруашылық етуші субъект (ЖК, ШҚ) ашылды. Өз ісін жаңа бастаған 370 кәсіпкер жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін пайдаланды, соның ішінде 64 шағын бизнес субъектісі өз қызметін кеңейтуге бағытталған қарыз ақшаларын алды. Қаржыландырылған бизнес-бастамалардың жалпы сомасы – 1 млрд. 228,4 млн. теңгені құрады.
«Бастау Бизнес» жобасына қатысқан ер адамдар мен әйел адамдар арасындағы пайыздық айырмашылыққа салыстырмалы талдау жүргізсек, басымдық ер азаматтарда (61%).
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен мекемелерге қоса БҚО «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да («Бастау Бизнес» жобасының жасаушысы болып саналады) тартылды. Жобаға қатысушылардың жас санатына да талдау жүргізеді, атап өтсек: оқытудан өткендердің 23,4%-ы жастар (29 жасқа дейінгілер); аға буын өкілдері (50 жастан асқандар) – Бағдарламаның барлық қатысушыларының пайыздық арасалмағында 22%-ды құрайды (239 адам).
«Бастау Бизнес» жобасының қатысушының ең жасы – 18-де, ең үлкені – 65 жаста.
— «Атамекен» ҰКП-ның жобасы осы жылы республикамыздың барлық аумақтарында енгізілгенін ескере отырып, орталық аппаратпен облыстар тұрғындарымен бизнесті жүргізуді оқыту мен өз ісін ашуға немесе кеңейту мүмкіндігін пайдалану бойынша талдау жүргізілген шығар. Сол талдаудың нәтижесі бойынша Батыс Қазақстан облысы қандай орында тұр?
— Аумақтар бойынша салыстырмалы талдау іске қосылған және қаржыландырылған жобалар бойынша қол жеткізген көрсеткіштер негізінде салыстырмалы талдау жүргізіледі. Қазіргі уақытта БҚО қаржыландырылған жобалар бойынша бірінші орында (93%) тұр, бұл біздің облыс тұрғындарының «Бастау Бизнес» жобасына қатысу белсенділігінің ең жоғарғы көрсеткіші болып табылады.
— Палата тарапынан облысымыздың қай ауданында қандай қызмет түрін дамыту өзектілігін анықтау бойынша талдау жүргізіледі ме? Осы бағытта жұмыс жалғастыру үшін жергілікті атарушы органдармен қарым-қатынас орнатылды ма?
— Жалпы алғанда, біздің аумақта мал шаруашылығын дамыту ыңғайлы және ауылдық елді-мекен кәсіпкерлері осы салаға белсенді тартылуда.
«Бастау Бизнес» жобасының тиімділігін арттыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдармен өнімді өткізу жолдарын қалыптастыру үшін кәсіпорындар туралы дерекқорды өзекті ете түсу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, шаруа қожалықтар өзінің өнімдерін тапсыра алатын және керісінше өзіне қажетті шикізатты сатып алу мүмкіндігі бар облысымыздың барлық ірі кәсіпорындары туралы мәлімет жиналуда. Бұл өз алдына жобаның әлеуетті рентабельділігін анықтауға мүмкіндік береді.
— Бизнес-тренер белгілі-бір ауданға қанша уақытқа бекітіледі?
Ротация жүргізіле ме?
— Бизнес-тренер белгілі-бір ауданға бір жылға бекітіледі. Ротация қарастырылған, бірақ ағымдағы жылда біздің облыста бизнес-тренерлер құрамында өзгерістер болған жоқ.
«Бастау Бизнес» жобасы қатысушыларын микрокредиттеуді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары жүзеге асырады. Осыған байланысты, «Н» -ның бизнес-жобаларды қаржыландыруға қатысты кейбір сұрақтарына аталып өткен облысымыздағы қаржылық ұйымдардың өкілдері жауап берді.
«АШҚҚҚ» АҚ БҚФ-ның кредиттеу бөлімінің бастығы — Азамат Ахметов:
— Ағымдағы жылда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өз ісін жаңа бастағалы отырған ауылдық елді-мекен кәсіпкерлерін қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы аталған Бағдарламаны жүзеге асыруға Батыс Қазақстан облысына республикалық бюджеттен 868 млн. теңге бөлінген, ол қаражатпен салыстырғанда көлемі 250%-ға өсіп отыр.
Қазіргі таңда жалпы сомасы 2,3 млрд. теңген құрайтын 557 өтінім қарастырылып, мақұлданды. Атап айтқанда, 466 бастапқы жобаларға және 91 қарыз өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бизнесін кеңейтуге берілді.
Мазмұнына тоқталсақ: 484 бизнес-жоба – мал шаруашылығы (1,9 млрд. теңге бөлінді); 18 млн. теңгені құрайтын 3 жоба – өсімдік шаруашылығы; 70 жоба (сомасы 334 млн. теңге) кәсіпкерлік қызметтің басқа да түрлерін қамтыды.
Атап өту қажет, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудан өткендігі жөнінде сертификаты бар Бағдарлама қатысушыларына микрокредиттер беруде басымдық құқығы берілген. Ағымдағы жылдағы қаржыландырылған 577 қарыз алушының 455-і «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушысы болып табылады. Бұл көрсеткіш облыстар арасында жоғарғы нәтижелердің бірі болып табылады.
Әлеуетті қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі — бюджет, екінші деңгейдегі банктер және басқа да қаржылық институттар алдында мерзімі өткен бережақтың болмауы болып табылады, сонымен қатар кредиттеуге жеткілікті кредиттік тарихының болуы. Аталған талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, қаржыландыруға өтінім басынан қабылданбайды. Үстіміздегі жылда қарастырылған жобалар бойынша кері қайтарылғандар болмады.
Марат Абдулов – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
— 2018 жылы «АНК» АҚ облыстық филилына Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруға 1 003 632 000 теңге бөлінді, 7 қыркүйекке оның 344 478 000 теңгесі игерілді (34%). Нәтижесінде 75 шаруашылық етуші субъект ашылып, қазір оның 24-і қаржыландырылды.
Қаражатты игеруде белсенді аудандар: Жаңақала ауданы – 132 млн. теңге сомасында 24 өтінім, Казталов ауданы – 22 өтінім (135 млн. 500 мың теңге), Бөрлі ауданы – 19 өтінім (126 млн. теңге). Ауылдық кәсіпкерлер негізінен мал шаруашылығын дамытуға қаражат алуда.
Еске сала кетейік, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы қатысушыларының бизнес-жобаларын қаржыландыру қарыз алушы кепілдік мүлік ұсынған жағдайда жүзеге асырылады. Кепілдік мүлік құны жеткіліксіз болған жағдайда, несиенің жетпей тұрған сомасына (стартап жобаларға және өз ісін жаңа бастағалы отырған кәсіпкерлерге – 85%-ға дейін) кепіл ретінде «ҚазАгроКепіл» АҚ бола алады. Микрокредиттерді кепілдендірудің шарттары мен тәртібі туралы толығырақ ақпаратты ағымдағы жылдың 25 сәуіріндегі «Н» газетінің №17 басылымында жарияланған «ҚазАгроКепіл» АҚ филиалы директорымен жүргізілген сұхбатынан оқып таныса аласыз. Ағымдағы жылда облысымыздағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кепілдік беру туралы мәліметке тоқталсақ, ұйым ұсынған мәлімет бойынша жалпы сомасы 40 млн. теңгені құрайтын 15 кепілдік берілген.
— Барлық өтінім мал шаруашылығы саласына қатысты, — деп түсініктеме берді «ҚазАгроКепіл» АҚ-ның өкілі.
Саида ТУЛЕГЕНОВА