«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын орындау бойынша облыста жүргізіліп жатырған жұмыстар туралы жарияланымдар өз мәресіне жете келді. Бүгінгі санымызда халықты жұмыспен қамту ұйымдарының жұмысын қорытындылайтын боламыз. Естеріңізге сала кетейік, бағдарламада халықты жұмыспен қамтуға тарту, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, сондай-ақ жұмысшы кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бағыттар белгіленген.
Орал қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы директо-рының орынбасары Айнұр Казмуханованың айтуынша, ағымдағы жылы облыс орталығына бөлінген 291 млн. 045 мың теңгенің 1 қазандағы жағдай бойынша 159 млн. 226 мың теңгесі игерілді. Бөлінген қаражаттың негізгі сомасы – 60 млн. 453 мың теңге – қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға бағытталған (яғни алдын ала кәсіби дайындықты талап етпейтін жұмыстар, халықты уақытша жұмыспен және еңбекақымен қамтамасыз етеді). 22,5 млн.теңге жастар практикасын ұйымдастыруға бағытталды (кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін олардың бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылатын еңбек қызметінің түрі). Жұмыс кадрларын даярлау және қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру үшін 21,4 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылды.
Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жалпы сомасы 481 мың теңгеге 4 грант берілді.
Орал қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастыруға көмек көрсету туралы өтінішпен 6890 (алты мың сегіз жүз тоқсан) қала тұрғыны жүгінді, оның ішінде 2877 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Бүгінгі таңда Орал қаласы бойынша жұмыссыз ретінде есепте 1378 адам тұр және А.Казмуханованың айтуынша, барлық есепке алынған адамдар уақытша жұмыс орындарына жіберілді. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстарға 1036 адам, жастар практикасына – 591 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 96 адам жіберілді (қызметкердің жалақысы мөлшерінің 35%-ын мемлекет қаржыландырады).
Биылғы жылы қысқа мерзімді курстарға 216 адам жіберілді, оның 167-і жұмысшы мамандығына оқып, жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта қысқа мерзімді оқытудан 49 адам өтіп жатыр, жыл соңына дейін оқу барысы аяқталады.
Бағдарламада азаматтардың белгілі бір санаттарының тізбесі, атап айтқанда – 29 жасқа дейінгі жастар; мүмкіндігі шектеулі тұлғалар; пробация қызметімен есепке алынғандар; кәсіпорынның таратылуына байланысты қысқартылған қызметкерлер қарастырылғанын ескере отырып — біз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысына келесі сұрақты жолдадық: осы есепке алынған азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру ісі қалай болып тұрғанын айтып өтсеңіз?
А.Казмуханованың жауабы бойынша, тұрақты жұмысқа орналасқан 945 адам – 30 жасқа толмаған жастар; 45-і – денсаулығына байланысты еңбек қызметіне қарсы көрсеткіштері бар мүгедектер; жұмысқа орналасқан 16 адам пробация қызметінде есепке алынғандар болып табылады.
Кәсіпорынның таратылуына байланысты 7 адам есепте тұрды және оларға да тұрақты жұмыс табылды. Жұмысқа орналастырылған бір адам балалар үйінің түлегі болып табылады, демек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушысы болып табылады.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған санаттағы азаматтар ниет білдірген жағдайда, уақытша жұмыс орындарын алуға, техникалық және кәсіптік білім алуға құқылы.
Адамды жұмыссыз ретінде ресми есептен шығару үшін қандай негіздер көзделгенін ақпарат ретінде ұсынып өтсек. Сонымен, Айнұр Мұхамбетқалиқызының айтуынша, біріншісі – ол өзіне лайықты жұмыстың ұсынылған үш нұсқасынан бас тартса. Екінші негіздеме – адамның хабарланған күннен бастап халықты жұмыспен қамту орталығына бес жұмыс күні ішінде келмеуі есептен шығаруға негіз болады.
Халықты жұмыспен қамту орталығымен жүргізіліп отырған белсенді жәрдемдесу шараларын өз бетінше тоқтату да есептен шығаруға негіз болып табылады. Яғни, егер адам өз бетінше, дәлелсіз себептермен уақытша жұмыстарды орындауға жіберілген ұйымға немесе кәсіпорынға баруды тоқтатқан болса – ол қоғамдық жұмыс, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орны, қысқа мерзімді оқытудан шығарылады.
Төртінші негіздеме – еңбек етуге берілген жолдаманың нәтижесін Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарламау.
Адамның жұмыссыз мәртебесінде болуы үшін жалған және қолдан жасалған құжаттар беруі, сөзсіз, адамды Халықты жұмыспен қамту орталығы көрсететін мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен автоматты түрде айырады.
Қазіргі уақытта Орал қаласының халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілерден (мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындардан) 796 өтініш түсті. Ең көп бос орындар саны денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар (275); білім беру (258); 129 өтінім сауда саласындағы кәсіпорындардан түсті; құрылыс – 106.
Белгілі болғандай, осы жылдан бастап қолжетімді «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық базасы ашылып, бұл жұмыс іздеуді едәуір жеңілдетті.
Орал қаласының жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған 6136 адам өздерінің түйіндемелерін порталда орналастыруға өз келісімін берді (мекеменің «Электрондық еңбек биржасына» түйіндемені орналастыруы үшін міндетті шарт). Бүгінгі күні электронды еңбек биржасы арқылы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 1005 адам жұмысқа орналастырылды.
Халықты жұмыспен қамту орталығының жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен (бүгінгі күні олардың саны – 6) жұмысқа орналасуға көмек көрсету тұрғысында ынтымақтастығы туралы айта келе, осы мемлекеттік мекемеде есепте тұрған адамдары үшін артықшылығы бар жаңа өзгерістер туралы атап өту қажет. Сонымен, жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген адамдар үшін жұмыс іздеуді ынталандыра отырып, мемлекет жыл ішінде жеке жұмыспен қамту агенттігіне әрбір есепте тұрған жұмыссызды жұмысқа орналасқаны үшін ақы төлейді. Төлем мамандықтың қажеттілігін, жұмысқа орналасушының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жүргізіледі және А.Казмуханованың айтуынша, орташа есеппен бұл 33 750 теңге.
Осы соманың мысалында түсіндіріп өтсек, Халықты жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған тұлғаны жұмысқа орналастыру кезінде мемлекет жұмыспен қамту агенттігіне аванс ретінде 15 мың теңге төлейді, кейін жыл бойы ай сайын қалған соманың 5%-ын аударатын болады. Осылайша, түйіндемесін Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы «Электрондық еңбек биржасы» базасында орналастырылған тұлғаларда өз бетінше орналастырған кандидаттардан гөрі, жұмыс іздеуде жылдам нәтижесіне жету мүмкіндігі артады.
Бұл жаңалық осы айдан бастап енгізілуде. Халықты жұмыспен қамту орталығының жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен жұмыс істеу жөніндегі келісім жасасу үшін есепте тұрған тұлғаларды жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету үшін қажетті шарт – кемінде бір жыл қызмет өтілінің болуы болып табылады.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында Орал қаласында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы облыс орталығының 34 тұрғыны шағын несие алды.
Облыс көлемінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы айтатын болсақ, 1 қазандағы жағдай бойынша бөлінген 5620,5 млн. теңгенің 5612,4 млн. теңгесі игерілді. Бағдарламаға қатысушылардың құрамына облыстың 20870 тұрғыны енгізілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлағандай, жыл басынан бері техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау аясында 755 адам білім алды. Қысқа мерзімді оқуға 1616 адам жіберілді, оның 1043-і курстардан өткендігі туралы куәлік алды. Қысқа мерзімді оқудан өткен 415 бағдарлама қатысушысы жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 770 адам жіберу жоспарланған, бірақ іс жүзінде облыстың 1004 тұрғыны жіберілді. Жастар практикасына 1314 жас маман жіберу жоспарланған, бірақ 201 адамға көбірек жіберілді. Қоғамдық жұмыстармен облыстың 5067 тұрғынын қамту жоспарланған, 4715-і жіберілді.
Өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 4 млрд.293,9 млн. теңге бөлінді, олар 1092 Бағдарламаға қатысушылар арасында бөлінуі тиіс. Қазан айындағы жағдай бойынша 737 адам шағын несие алды, берілген кредиттердің жалпы сомасы 2 млрд. 758,1 млн. теңгені құрады.
Газетіміздің келесі санында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру тақырыбына қайта ораламыз. Атап айтқанда, алдыңғы жарияланымдарға назар аудара отырып, осы күзде облыс аудандарында қандай жаңа әлеуметтік нысандар ашылғанын білеміз, өйткені бизнес-идеяларды табысты іске асыру ауылда өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының соңында «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың алтыншы легі оқуды аяқтайды, оның аясында жаңа бизнес-жоспарлар қорғалады. Бұл дегеніміз, келесі көктемде біз ауылдық жерлерден келген жерлестеріміздің өзінің келешегін қандай кәсіпкерлік қызмет түрлерінде көретінін білеміз және мүмкін, бірегей, қайталанбас бизнес-идеялар болуы мүмкін, олар авторларға танымалдық, табыс әкеледі деп үміттенеміз.
Саида ТУЛЕГЕНОВА