Көктемгі су тасқыны елді алаңдатты. Біздің облысты да алапат айналып өтпеді. Біраз жерлесіміз жалғыз баспанасынан айырылып, көп ағайын эвакуациялық пунктерді паналаған кез әлі де елдің есінде.
Осындай қиын шақта халықпен бірге болған мемлекет басшысы тасқыннан зардап шеккен әр тұрғын көмексіз қалмауы керек деген тапсырма берді. «Үйсіз қалған ағайынның ешбірі далада қалмасын» деген президент тасқын соққан әр облыста баспана салынып, үйінен айырылған отандастарымыздың әрқайсына қамқорлық көрсетуді мықтап тапсырды.
Осыдан бірнеше ай бұрын үйінен айырылып, қиын жағдайға тап болған жерлестеріміз осы күні жаңа үйлеріне қоныстанды. Оралдағы Зачаганск кентінде орналасқан көпқабатты үйде негізінен тасқыннан зардап шеккен тұрғындар тұрады. Олар кенттегі Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде орналасқан учаскеде дауыс берді. Топан су көрші қылған ағайын осы күні баспананы емес, ел тағдырына қатысты мәселелерге алаңдайды. Сондықтан бір атаның балаларындай бірігіп, дауыс беру учаскесіне келді.
-Бүгінгі АЭС салу туралы референдумның маңызы жоғары. Бұл мәселе кез келген тұрғынды алаңдатуы тиіс деп есептеймін. Себебі, жарықсыз мына өмірді елестету мүмкін емес,-дейді қала тұрғыны.