Газета «Надежда»

Батысқазақстандықтар референдумға белсенді қатысуда

Батыс Қазақстан облысында атом электр станциясын салу бойынша референдумға дауыс беру басталды. Бүгін өңірдегі учаскелер ашылмай жатып, референдумға қатысуға келген батысқазақстандықтардың қарасы қалың болды.

Алғашқы референдум учаскесі таңғы сағат 6.00-де ашылды. Ал дауыс беру сайлау заңнамасында бекітілген тәртіп бойынша сағат 7.00-де басталды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, өз даусын беруге келген тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі.

№268 референдум комиссиясының төрағасы Алтынгул Кайырлиеваның айтуы бойынша, сайлаушыларға барлық жағдай жасалған.

— Біздің сайлау учаскесінде 1421 адам тіркелген. Батысқазақстандықтар белсенді атсалысып жатыр. Үйден дауыс беруге 3 өтініш түсті, түске дейін әлі де қабылдаймыз. Әр түрлі ұйымдардан бірнеше бақылаушы жұмыс істеуде. Барлық сайлау нормаларын қатаң қадағалаймыз, — дейді А.Кайырлиева.

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысында 496 референдум учаскесі жұмыс жасауда. Азаматтар сағат 20.00 ге дейін дауыс бере алады.

 

Exit mobile version