Газета «Надежда»

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жәнібек ауданының тұрғындарымен кездесті

2024 жылдың 17 қазанында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс әкімі ауданның өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Облыс әкімі Жәнібек ауданындағы маңызды нысандарының бірі- асфальт зауытының жұмысымен танысты. Зауыт 2021 жылы ашылған. Бүгінгі таңда кәсіпорын сағатына 90 тоннаға дейін асфальт өндіріп, 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде, оның 50 —і жергілікті тұрғындар. Аталған зауыт өңірдің жол инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудандық Ардагерлер үйінде болып, қарияларды қолдау шараларын талқылады.

Сапар барысында облыс әкімі Жәнібек ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді . Атап айтқанда, Күйгенкөл ауылында автомобиль жолын салу, аудандағы жолдардың жай-күйі, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, адамдарды тасымалдауды ұйымдастыру және әлеуметтік қорғауды жақсарту сынды мәселелер қаралды.

“Жол салу, ауыз сумен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері халық үшін өте маңызды. Оларды шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде.  Біз үшін азаматтарымыздың өмір сүру жағдайларын одан әрі жақсарту басты назарда. Сіздердің пікірлеріңіз бен кері байланыстарыңыз біз үшін өте маңызды және көтерілген әр мәселе аймақты одан әрі дамыту жоспарларынла ескерілетін болады. Мемлекет басшысының өңірді дамыту мәселелеріне қатысты барлық тапсырмалары әрқашан қатаң бақылауда»,-деп атап өтті Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Көтерілген мәселелер мұқият зерделеніп, өңір басшысы оларды шешу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және өңірлік бағдарламалар шеңберінде ескерілетінін айтты. Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныстарын тікелей білдіріп, қордаланған мәселелер бойынша өз сауалдарына жауап алды.

Exit mobile version